«Мәнгілік ел Маңғыстау» ҚҚ директоры Рухия Қалдыбай «Бизнес» бағыты бойынша 3 млн теңге грант жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Рухия Қалдыбайдың этнотуризмді дамыту арқылы туристтерді тартуға бағытталған жобасы үздік деп танылған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөнінде конкурс өткізді. Конкурсқа өтінімдер «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша қабылданып, әрбір грантқа 3 миллион теңгеден берілді.
Жоба жеңімпаздарын Мемлекет басшысы марапаттады. Марапат иелерінің қатарында маңғыстаулық екі белсенді жас бар.
- Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай. Облыстың аумағы мәдени байлыққа толы. Әр бұрышта туристерді қызықтыратын және тұрғындардың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген тарихи ғимараттар, қызықты құрылыстар бар. Облыста бірегей дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен және қолөнерімен таң қалдыратын елді мекендер көп. Жоба Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтары арасында туризмді насихаттап, жергілікті көрікті жерлерді танымал етуге бағытталған. Мыңнан арасынан озып шығу мен үшін үлкен қуаныш, - дейді Рухия Қалдыбай.