Бүгін Маңғыстау облысында түсірілген «Боз Орданың түндігі» атты деректі фильм «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Бұл туралы Алмас Алтай фейсбук парақшасына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Фильм директоры Алмас Алтайдың айтуынша, деректі фильм «Күмбездердің күмбірі», «Шыңыраулардың шындығы» және «Боз Орданың түндігі» атты үш бөлімнен тұрады.
«Боз Орданың түндігі» деректі фильмі киіз үйдің құрылуына, киіз жабындысының дайындалуына арналады. Сондай-ақ ши тоқу, өрмек тоқу өнері мен Маңғыстау зергерлері, қолөнер шеберлерінің қайталанбас қолөнер жұмыстары қаз-қалпында көрсетіледі.
«Күмбездердің күмбірі» атты фильмде Маңғыстаудың ХІХ-ХХ ғасырдағы мәдени-сәулет ескерткіштері, оны салған шеберлер туралы баяндалады. Ал «Шыңыраулардың шындығы» атты бөлімде Үстірт пен Маңғыстау ойындағы шыңырау құдықтар, оларды қазған құдықшылар туралы айтылады. Сонымен қатар бұл бөлімде Маңғыстаудағы су атауларына қатысты түсініктеме беріліп, ежелгі су көздері көрсетіледі», - дейді Алмас Алтай.
Алдағы уақытта аталған екі фильм облыстық телеарнадан және YouTube желісінен көрсетілуі мүмкін.
Деректі фильм биыл жазда ҚР Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың идеясымен, Сенат депутаты Серікбай Трұмовтың қолдауымен түсірілді. Фильмнің режиссері – Рахман Кенжебаев, директоры – Алмас Алтай. Сонымен қатар фильмді түсіруге Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағамбетов пен Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов атсалысқан.
Айта кетейік, бүгін «Боз Орданың түндігі» деректі фильмі «Хабар» арнасынан сағат астана уақытымен 20:30-да, ал жергілікті уақытпен 19:30-да көрсетіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА