Бүгін, 9 желтоқсанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев күні кеше республикалық «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларында топ жарған маңғыстаулық жеңімпаздарды қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2021 жылдың «Ең үздік әлеуметтік жыл жобасы» номинациясы бойынша «TOTAL E & P Dunga GmbH» компаниясының Маңғыстаудағы филиалы жеңіп алып, ҚР Президентінің марапатына ие болды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы Жобалық кеңсесі «Жылдың үздік жобалық офисі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді.
Облыс әкімі жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне алғысын білдірді.
«TOTAL E & P Dunga GmbH» компаниясы мұнай өндірудегі жаңа технологияларды пайдалану, қоршаған ортаға тигізер әсерін төмендету бойынша әлемдік деңгейдегі басқа елдерде жинаған тәжірибелерін «Доңға» кен орындарында пайдаланып келе жатыр. Ұйымда жұмысшыларды әлеуметтік қолдау, еңбек қарым-қатынастары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Компания осы өңірдің әлеуметтік дамуына да атсалысып, түрлі жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп келеді. Облыс әкімдігі жанындағы Жобалық офисі де жылдың үздігі атанды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жұмыла еңбек етуінің жемісі. Жобалық кеңсе - өңірде іске асырылып жатқан ұлттық және өзге де жобалардың мерзімінде және сапалы орындалуын, олардың іске асырылуының жедел мониторингін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етеді, деді Нұрлан Ноғаев.