Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов айтты.
Тоқтамыс Жұмағұлов өңірлік саясатты жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік басқару саласы бойынша бірнеше мәселеге тоқталды.
«Маңғыстау өңірінде 5 аудан, 47 ауыл мен ауылдық округ бар. Биыл тұңғыш рет ауыл және ауылдық округтердегі әкімді тікелей сайлау тәжірибесі енгізіліп, жүзеге асырылған еді. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылы, Маңғыстау ауданының Тұщықұдық, Оңды, Жармыш, Қызан ауылы, Бейнеу ауданының Төлеп, Сам, Есет, Сарға ауылы және Қарақия ауданының Құланды ауылдық округінің әкіміне үмітті 38 азамат сайлауға қатысты. Тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасады», деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Спикердің сөзіне сүйенсек, Жолдауда айтылған 2024 жылдан бастап пилоттық режимде аудан әкімдерінің сайлауын енгізу мен ауыл әкімдерінің қызметін бағалау тәсілі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге оңтайлы қадам болмақ.
Сонымен қатар, Тоқтамыс Жұмағұлов облысымызда 1 қыркүйектен бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысын кең көлемде ақпараттық түсіндіру жұмыстарының БАҚ арқылы, кәсіпорындар мен мекемелерде, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қоғамдық орындарда жүргізіліп жатқандығын жеткізе отырып, өңір жастарын бұл жобаға белсенді қатысуға шақырды.