Отыз жыл бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекетке айналдық. Демократиялық даму жолына түстік. Қиындығы мен қызығы қатар жүрген ізденісі мол жылдарды бастан өткердік.
30 жыл біз үшін жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Егемендік пен Ата заңымыз мемлекеттігімізді орнықтырып, қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын айқындап берді. Оған әрбір ел азаматының ертеңгі күнге деген нық сенімі мен болашаққа еркін жоспар құра алуы дәлел болады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде 1993 жылы тұңғыш Конституциясын қабылдады. Онда Қазақстан демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жарияланды. Алайда Конституцияда Қазақстан республика деп танылғанмен, нақты қандай республика екені, республика қызметінің түбегейлі принциптері айқындалмады.
Нәтижесінде нарық экономикасына байланысты күнделікті туындап отырған талаптарда, мемлекеттік стратегиялық бағыт-бағдарда қарама-қайшылықтар туындай бастады. Мемлекеттік билік тармақтары арасында нақтыланбаған жағдайлар арта түсті. Әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер күн санап өсті.
Сондықтан негізгі принциптерді айқындай отырып, барлық кемшіліктер қамтылып, Конституцияның жаңа жобасы жасала бастады. Жобаны талқылауға ел зиялылары, қоғам қайраткерлері бастаған бүкіл халық атсалысты.
Адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп, халықаралық нормаларға сай жасалған Конституция 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Міне, содан бері ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Барлық заңдар осы Ата заңның негізінде жасалды.
Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүре бастады. Әлемнің озық тәжірибелері негізінде, жаңашылдықтар енгізілуде. Сот реформасын іске асыруда Конституцияға негіз болған дала заңдарының үлгісі де ұмыт болған жоқ. Реформа елдегі пандемия жағдайы мен карантиндік шектеулер кезінде де бел- сенді жүргізілуде. Себебі азаматтар күнделікті сотқа жүгінеді және өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға сенім білдіреді. Бұл жағдайда соттар ашық, жариялы түрде, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдей отырып, бейтарап та әділ төрелік жүргізуі тиіс.
Реформаның нәтижесінде былтырдан бері сот процестері қашықтан кедергісіз, бастысы өз мерзімінде өткізілуде. Азаматтар барлық арыз-шағым, өтініштерін онлайн тәртіпте «Сот кабинеті» арқылы беруде. Қылмыстық жаза ізгілендірілді. Дауларды қос тарапқа тең шешу мақсатында медиация рәсімінің ауқымы артты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана жария еткен Жолдауында былтырдан бері іске қосылған әкімшілік әділет жүйесінің маңызына тоқталды. Ол құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістерге ерекше назар аударып, жаңа институттың мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым- қатынасын жаңадан қалыптастыратындығына сенім білдірді. «Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етілді. Үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейді. Осы жылдың басынан бері екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілген жоқ» деп атап өтті Президент кезекті Жолдауында.
Сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралар әлі де жалғаса бермек. Олардың бәрі сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата заңымыздың арқауында іске асады.
Ержан ҚАРАБАЕВ,
Маңғыстау облыстық соты төрағасының м.а.