Бүгін ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жолдауын ұжым болып тыңдап, мұқият танысып шықтық. Ондағы мәселелердің бәрі маңызды. Ал біздер үшін, әсіресе университетіміздің ғалымдарын қуантқан басым бағыт – ғылымды дамыту мақсатында жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізуге тапсырма беруі болды.
«Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн» деген мемлекет басшысының тапсырмасы әріптестеріміздің көкейінде жүрген мәселе еді. Әрине, гранттық қаржыландыруға ұсынылған ғылыми жобаларды теориялық тұрғыдан әзірлеп шығуға үш жыл уақыт жеткілікті. Ал енді оны ғылыми айналымға енгізіп, өндіріске шығару үшін бес жыл берілуі – өте орынды шешім деп есептеймін. Өйткені өзім жетекшілік ететін ұжымдық ғылыми-зерттеу жобамыз «Кибернетикалық қауіпсіздік жүйелеріне инвестициялау процесінде интеллектуалды шешімдерді қабылдауды қолдау жүйесін әзірлеу» бағытындағы жұмыстарымыз үш жылға жоспарланған еді. Енді алдағы жаңа зерттеулерімізді бесжылдыққа жобалап, ауқымын ұлғайтуға ынталымыз.
Сондай-ақ біздің университетімізде грантқа ие болған «Маңғыстау аймағындағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі» (жетекшісі – профессор Б.Нұрдәулетова); «Мұнай битумын өндірістік және тұрмыстық полимер қалдықтарымен модификациялау» (жетекшісі – доцент Е.Иманбаев), т.б. осындай жобалардың өзектілігін ескерсек, қысқа уақытпен шектемеу, жүйелі түрде толық нәтижеге қол жеткізу үшін берілетін зор мүмкіндік болмақ.
Берік АХМЕТОВ,
Ш.Есенов атындағы КМТжИ университетінің ректоры