© tengrinews.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың бірінші қыркүйегінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Жолдауда білім саласына жасалып жатырған, алдағы уақытта ескерілетін мәселелер айтылды. Мұғалімге жасалған қолдаудың бірі – биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейгендігі. Мемлекет басшысы педагогтерді қолдау саясатының жалғаса беретінін айтты. Сонымен қатар дарынды балаларға да жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін баса айтты. Алдағы уақытта оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетінін, тіпті бір реттік қаржылай сыйақы да төленетінін еске салады.
Бұл дарынды балаларымыздың білімге, өнерге деген құлшынысын, ізденісін арттыратыны сөзсіз. Балаларға білім берген ұстаздарын да материалдық тұрғыдан ынталандыру дұрыс болатынын айтты. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету керектігін атап өтті. Мектепте білім беретін ұстаздардың кем дегенде 3 жыл сайын біліктілігін арттырып тұруды, бұл қазіргі заманның талабы екенін айтып өтті. Әрине, білім саласы күрделі, барлығын бірден шешіп тастау мүмкін емес болар, әсіресе мәселенің бірі мектептегі орын тапшылығы, бұл мәселе біздің облыста да бар, балаға дұрыс білім беру үшін, оған жағдай жасай алуымыз керек. Ең өзекті мәселенің бірі – жастарға сапалы білім беру. Ол үшін жас мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары мамандарды сапалы даярлауда жауапкершілігін арттыру керектігі баса айтылды.
Қатира БОРАНБАЕВА,
Ақтау қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры