Ұлттық байқаудың облыстық кезеңінде Бейнеудегі Орақовтар және Әжібаевтар отбасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін аудан әкімі Бейнеубек Әбілов екі отбасыға облыс әкімінің арнайы дипломы мен ішкі саясат басқармасының қаржылай сертификаттарын табыстады.
«Мерейлі отбасы - 2021» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша республикалық кезеңге облыс атынан Бейнеу ауданының Орақовтар отбасы жолдама алды. Отбасының ұйытқысы болып отырған 96 жастағы Алуадин Орақов - Ұлы Отан соғысының ардагері. Зайыбы Сәндеш Орақова - көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері. Жас күнінен жүн түтіп, ою ойып, текемет басқан. 85 жасында өмірден озған. Өнегелі отбасы 8 бала өсіріп, олардан 33 немере, 48 шөбере сүйіп отыр.
Ал Бейнеу ауданы Сарға ауылында тұратын Әжібаевтар отбасы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің лауреаты атанды. Айтжан Әжібаев пен оның жолдасы Мәруа Бержанова 3 ұл, 7 қыз тәрбиеледі. Қазір олардан 21 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы - 2021» ұлттық жобасы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы желтоқсандағы № 250 өкіміне сәйкес жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп келеді.