Коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Жаңаөзен қаласына оттегі стансасы керек. Қаланың эпидемиолог дәрігері Орынгүл Жолдыбаеваның айтуынша ауруханада жатқан науқастардың 90%-ы оттегіге тәуелді.
- Жаңаөзенде коронавируспен ауырып жатқандар саны 200-ден асады. Мұнайшы бөлімшесінде 84 науқас жатыр. Терапиялық корпуста 100-ден астам адам, балаларға арналған бөлімде 12 бала және 8 науқас реанимация бөлімінде жатыр. Осы айда 15 өлім тіркелді. Ауруханада жатқан науқастардың дені ауыр халде. Сондықтан оларды оттегімен қамтуымыз керек. Осы бағытта жақын арада ауруханамыздың жанынан оттегі стансасы іске қосылады. Бұл - емделушілерге үлкен көмек болғалы тұр, - деді Жаңаөзен көпбейінді ауруханасының дәрігер эпидемиологы Орынгүл Жолдыбаева.
"Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаржыландыруымен провизорлық орталыққа айналған бұл ауруханада бүгінгі таңда МРТ, КТ, жылжымалы цифрлы рентген аппараты бар.
Сондай-ақ, провизорлық орталық сыртына әрқайсысында 12 оттегі баллоны бар екі конустық блок орнатылған. Жаңадан орнатылған оттегі стансасы да мұнай мекемесінің демеушілігімен жүзеге асып жатыр. Құны 57 миллион 775 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда сағатына 10 м3 таза оттегі өндіруге қауқарлы оттегі стансасына монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айгүл Орынбаева
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН