Ақтау қалалық Бекет ата мешіті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қасиетті рамазан айында қайырымдылық шаралары өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мешітте 45 мұқтаж отбасына азық-түлік таратылып, екі күн ішінде 130 отбасына ауызашар жіберілді.
- Қасиетті рамазан- мейірімділік пен кешірім айы. Бұл айда игі істер мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, мұқтажға қол ұшын беріп, әлсізге көмектескен жөн. Құранда бұл айдағы ізгі істердің сауабы бірнеше есеге артады делінген. Қазіргі карантин жағдайына байланысты мешіттің тізіміндегі тұрмысы төмен жандарға күнделікті пайдалануға қажетті күріш, ұн, секер, май, шәй, макарон өнімдері мен тәттілер азық-түлік таратылды, - дейді Ақтау қалалық мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.
Сондай-ақ, рамазан айында Алланың разылығы үшін ораза тұтып, ниет еткендерге арнап мешітте ыстық тамақ пісірілді. Нан, құрма мен тәттілер салынған ауызашарлар облыс орталығында тұратын 130 мұқтаж отбасының үйлеріне жеткізілді.