Алматы қаласына таэквандодан жарысқа бара жатқан жасөспірім спортшылардың ата-аналары бүгін Маңғыстау-Алматы бағытындағы пойыздың жүруіне кедергі келтірді. Сондықтан «Маңғыстау-Алматы» пойызы 1 сағат 35 минут кешігіп жүрді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ата-аналардың сөзінше балалар отыратын вагон тым ескі әрі суық болған. Сондықтан орнына жаңа вагон қоюды талап еткен.
- Пойызды тоқтаттық. Себебі біздің балаларымыз отыратын пойыздың ешқандай жағдайы болмады. Оны бізге жолсерік шырылдап айтты, оның ешқандай кінәсі жоқ. Осы жерден жаңа вагон қосып берді, рақмет. Балаларымыз жарысқа бара жатқан соң суық вагонның ішінде ауырып қала ма деп уайымдадық, - дейді Сәдуақас Өтепов.