Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ескі ғимаратының орнына жаңа мешіт бой көтеретін болды. Жоба бойынша заманауи үлгідегі мешіт 900 шаршы метр аумақты алып, мың адамдық болмақ. Имандылық ордасының құрылысы қасиетті рамазан айынан соң басталып, 1 жылға созылады. Бұл туралы бүгін Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде облыс әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы өкіл имамы Әнуар Елжанов, Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев, облыстық және Ақтау қалалық мәслихаттарының депутаттары, сондай-ақ , мешіт жамағаты мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен басқосуда айтылды.
Алғашқы болып сөз алған ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы өкіл имамы Әнуар Елжановтың айтуынша, 17 шағынаудандағы ескі мешіттің орнына жаңа ғимарат тұрғызу мәселесі көптен сөз болып келеді. Алланың үйінің құрылысына билік те, жамағат та, мешіт имамдары да қарсы емес, тек жаңа мешіт үйінің орнына қатысты түсінбеушілік бар.
- Жамағаттың бірқатары жаңа ғимаратты қазіргі ескі мешітті құлатып, соның орнына салу керек деп санайды. Ал, бірқатар азаматтар күмбезді ғибадат үйін қазіргі автотұрақтың орнына, көшенің бойына тұрғызуды ұсынады. Бүгін екі жақ бір келісімге келіп, әкімдер мен жамағаттың алдында осы мәселенің нүктесі қойылуы тиіс, - деді Әнуар Ізімбайұлы.
Басқосуға заманауи жобасымен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген кәсіпкер Сапар Игілікұлы да қатысты. Ақтаудың 39 шағынауданында бой көтеріп жатқан Ержан Хазрет мешітінің құрылысын жүргізіп жатқан кәсіпкер сыйымдылығы мың адамдық, 130 көлікке арналған тұрақ бар, есігі ашылған кітап сияқты ашылатын ақ түсті мешіт үйінің құрылысын рамазан айы біткен соң бастауға дайын екендіктерін айтты. Заманауи эскиздік жоба көпшілік тарапынан қолдау тапты.
- Мешіттің жобасы өте ерекше екен. Көңіліме қонып тұр, алып қосатын ештеңесі жоқ. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсететін боламыз, бастама оң болғай! - деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаев.
- Жобада мешіттің жанынан футбол алаңы, Құран оқу бөлмелері, медресе қарастырылған. Бір айтарлығы - асхана жоқ екен. Менің ойымша, түрлі астар мен садақалар өткізіледі, сондықтан, асхана салынуы тиіс деп санаймын, - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Имамдар өз кезектерінде мешіттің жанынан асхана, қызметкерлер үйін салудың қажеттілігін атап өтті. Мешіт жамағаты атынан сөз алған Бекберген Есеуов мешіт құрылысының басталуын көптен күтіп жүргенін айтса, Сүлеймен Боқанов көпшілікпен бірге екенін, игілікті бастаманы қолдайтынын айтты.