Ақтауда NIS зияткерлері «Жаһандану: шекарасыз әлем» тақырыбында БҰҰ Моделі халықаралық конференциясын өткізді. Үш күнге созылған конференцияға Ресей, Украина, Белорусь, Индонезия, Франция, Сауд Арабиясы және Моңғолиядан 200-ге жуық адам қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«БҰҰ Моделі конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – зияткерлердің бойында көшбасшылық, дипломатиялық, шешен сөйлеу қабілеттерін қалыптастырып, сыни ойлау жүйесін дамыту, командалық жұмысқа баулу. Осындай жауапкершілігі жоғары конференцияға қатысу, ұйымдастыру арқылы жаһандану мәселесіне назар аудартып, мәселенің шешіміне жаппай араластыруға болады», - дейді білім ордасының жаһандық перспективалар және жобалық жұмыс пәні мұғалімі, мектепішілік MUNNISA клубының жетекшісі Брайан Дэвис.
Конференцияға БҰҰ Жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық кеңесшісі Виталина Кириловска, БҰҰ Жаһандық байланыс департаментінің өкілі Властимил Самек, БҰҰ Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының Навид Риаз, БҰҰ Әйелдер мәселесі бойынша Қазақстандағы жетекшісі Назым Жүсіпова арнайы келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Конференцияға қатысқан Навид Риаз COVID-19 кризисі көпшілікке ғаламдық мәселелерді жаһандық деңгейде шешу маңызды екендігін түсіндіргенін айтып, конференция қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Сіздер – болашақтың ұрпағысыздар. Бүгін біз мәселелерді талқылаймыз. Ал ертең талқыланған мәселелерді шешу жолдарын іздейсіздер және келер ұрпақ ықпал ете алатындай әрекет ететін боласыздар. Сондықтан бұған жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын. Сіздердің талқылауларыңыз өте қызықты әрі сәтті өтетіндігіне сенімдімін. Конференция соңында сіздердің ұсыныстарыңызға БҰҰ басшылығының құлақ асады деген сенімдемін», - деді Навид Риаз.
Халықаралық конференцияға тіркелу 1 – 20 ақпан аралығында өтті. MUNNISA командасы қатысушыларды топтарға бөліп, оларға комитет пен елдерді таңдады. Әр қатысушы таңдалған елдің өкілі атанып, сол елдің қызығушылықтарын қорғады. Жиын барысында БҰҰ 9 комитетін басшы және теңтөраға басқарды. Ал әр комитет жаһандану мәседесі қамтылған екі тақырыпты талқыға салды. Ал делегаттар өзі өкіл ретінде сайланған мемлекеттің белгіленген тақырыпқа сай көзқарасы мен қызығушылықтарын, проблеманы шешуге қатысты ұсыныстарын қорғайды. Ал конфеенция соңында әр қатысушы өз көзқарасы сәйкес келетін өзге мемлекеттермен бірлесе отырып мәселенің ақылға қонымды шешімін тауып, резолюция дайындауы тиіс.
«Мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі комитетінде делегат болдым. Шынын айтқанда, бұл әр қатысушы үшін үлкен тәжірибе. Себебі делегаттар көмегімен көптеген жаһандық мәлеселер талқыға түсіп, шешімін тапты. Ағылшын тілінде дипломатиялық келіссөздер жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу арқылы қабілетімді, ағылшын тілі бойынша сөздік қорымды толықтырдым деп айта аламын. Конференция барысында өз тәжірибесімен бөлісіп, жаһандану мәселелерін көтерген Навид Риаз мырзаға алғысым шексіз», - дейді Талдықорған қаласынан қатысқан Рысбек Ануар.
Айта кетейік, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2018 жылдан бері БҰҰ Моделі клубы жұмыс істеп келеді. Клубқа мүшелік ететін жоғарғы сынып оқушылары БҰҰ әр түрлі елдердің делегаты атанып, жауапкерлішігін артады. 2020 жылдың ақпанында зияткерлік мектептің 10 оқушысы Францияның Лион қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, су тақырыбы айналасындағы ғаламдық мәселелерді көтерген болатын.