Ақтау қаласындағы ірі сауда орталықтарда әлеуметтік тауар бұрышы ашылған болатын. Мұнда әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмен бағамен сатылады.
Осы ретте тауар бағасының тұрақтылығына мониторинг жүргізу үшін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Жұмабайқызы мен жауапты мамандар арнайы шықты.
Алдымен мамандар Шығыста орналасқан "Анвар" гипермаркетіне барды. Сауда орталығында халық көп тұтынатын тауарлар арнайы сары маңдайшамен белгіленіп қойған. Сауда орталығы қызметкерлерінің айтуынша, барлық тауар рет-ретімен орналасқан. Бағасы да көзге көрінетіндей жазылған. Халық қажеттілігіне қарай өнім алып жүр.
Содан кейін мониторингтік топ 33 шағынауданда орналасқан "Дина" гипермаркетінің сауда бағамын бақылауға алды. Облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров тауарлармен танысып шықса, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы баға тұрақтылығына мән берді.
Сондай-ақ ол сатып алушылардың пікірін тыңдап, тұтынушылар үшін тиімді жұмыстардың атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
"Достықтағы" "Altynfood" сауда орталығы да меморандум бойынша әлеуметтік тауар бұрышын жасақтаған. Баға тұрақтылығы сақталған, алайда мамандар арнайы белгі маңдайшаларын орнату керек екенін ескертті.
"Басқарма мен ірі сауда желілері меморандумға қол қойған болатын. Басты мақсат - әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Бағасын тұрақтандыру. Мұнда азық-түліктің бағасы - төмен. Себебі жеткізуші мен сауда желісі ортасындағы үстеме жоқ. Болған жағдайда минималды төлем ғана қосылады. Қазір кейбір көкөністер көтерме саудадан да төмен сатылып жатыр", - дейді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Жұмабайқызы.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің ішінде барлығы емес, тек таңдаулы өнім белгілері ғана қойылған. Бұл ретте халық өз таңдауына қарай өнім ала алады.
Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында мониторинг жұмыстары жалғасады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ