Адамзат тарихының сан ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі.
Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.
«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.
Сонау замандағы ата-бабаларымыздың өздері де қазақ тілінің жойылуына аз қалған шақта жан аямай күресіп, қолдарынан келгенше тырысып, бізге, келешек ұрпаққа қазақ тілін аманат етіп қалдырды. Осы тілімізді біз ары қарай дамытып, жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашан да білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің жағдайына тоқталатын болсақ, барлық кіріс-шығыс хаттар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Істер мемлекеттік тілде, қажет болса, ресми тілде қаралады. Қазіргі уақытта сот қызметкерлерімен тілдің деңгейін дамыту, өркендету мақсатында сұхбаттар беріліп, газет беттерінде және әлеуметтік желілерде тіл туралы мақалалар жарық көріп, әр-түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны.
Мемлекеттік тіліміз үшін қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аянып қалмайық, өйткені тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы.Сондықтанда тіліміздің бояуы бозарып, қыры сынбауы керек.
Лариса Кенжеева,
Мұнайлы аудандық сотының судьясы