Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Сіздерді табиғат ана оянып, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін көктем мезгілінің келуімен және 1 наурыз - Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – қазақ халқының кең пейіл дархандығы мен даналығының көрінісі, тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі ұлттың шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген тағзымы мен құрметін білдіреді. Сондықтан бұл күннің басты мәні – ұрпақтар сабақтастығын сақтау мен ел бірлігін нығайту.
Ақтау қаласында бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті, жарасымды тіршілік кешуде. Олардың әрқайсысы тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді.
Айтулы мереке барымызды бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара қарым-қатынасымызды достыққа бастайды. Бүгін төрткүл дүниені дүр сілкіндірген пандемия кезінде адамның өмірі үшін күрескен ақ халатты абзал жандарға, індеттің алдын-алу үшін еңбек еткен барлық азаматтарға алғысымды білдіргім келеді.
Қадірлі жерлестер!
Көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ - береке тілеймін!
Құрметпен, Ақтау қаласының әкімі Н. Қилыбай