Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жуырда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын ықыласпен оқып шықтым. Бұл, сөз жоқ, Ресей Мемлекеттік Думасы қос депутатының қазақ жеріне қатысты оғаш пікірлеріне орнықты жауап берген бірегей дүние деуге болады.
Біріншіден, ел Президенті аталған мақалада егемен еліміздің тәуелсіздік жылдардағы даму кезеңдері мен жетістіктерін, тарихы мен саяси экономикалық, әлеуметтік, демографиялық жағдайын сараптап, мемлекетіміздің, ұлтымыздың басты байлығы – кең-байтақ жер, қастерлі ана тіліміз және береке-бірлігіміз деп тағы да айқындап, осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтау қажеттігін мықтап ескеруді отандастарымыздың қаперіне береді.
Екіншіден, ел біртұтастығын сақтап, ұлттық сана-сезімді жаңғырту мақсатында ұлтты ұйыстыруға ұйытқы болатындай ұлағатты мерекеміз, көктем мен жаңару мейрамы – Наурызды жаңаша елдік сипатта атап өту тұжырымдамасын жасау турасындағы тапсырмасы бүкіл қоғамның қолдауына ие болатындығына сенемін. Өйткені мәдениет пен салт-дәстүр, жалпы рухани қазыналарымыз арқылы көнеден тін тартатын, адамгершілік пен ізгілікке баулитын мұраларымызды кеңінен насихаттай аламыз. Сол арқылы әлемдік ауқымдағы гуманистік, демократиялық идеяларымызды жалғастыра беруге сара жол ашылары айқын.
Үшіншіден, Президентіміз мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы мен міндеті екендігін және барша қазақстандықтар алдына мақсат қойып оны меңгеруінің маңыздылығын атап көрсетті. Тереңдеп пайымдар болсақ, келешекте қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсаты көзделіп тұрғандығы түсінікті.
Төртіншіден, Мемлекет басшысының жастардың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді іске асыру қажеттігіне тоқталып, талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынуы өскелең ұрпақтың жігерін жаниды деп ойлаймын.
Менің пікірімше, Мемлекет басшысының бұл мақаласы әрбір қазақстандыққа терең ой салып, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» ұраны ел бірлігі мен ұлттық рухты, патриотизмді нығайта түсетіндігі сөзсіз.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Пәния САРМУРЗИНА,
облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы