© Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы егемен еліміздің тәуелсіздігінің төртінші ондыққа, одан әрідегі кезеңге де жасалған нақты бағдарламасы деуге болады. Тәуелсіз ел болу дегеніміз оны жариялау мен немесе мемлекеттің іргетасын қалау мен ғана шектелмейтінін, ұлт ретінде сақталып қалу үшін жаңа сын қатерлерге әрдайым дайын болуымыз керектігін баса айтады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалада Қазақ мемлекеттігінің қысқаша тарихы жайлы тайға таңба басқандай былай дейді: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, ғұн, сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек...
Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар.
Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде той тарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді...».
Осыдан артық ұғынықты, әрі қысқа, әрі нұсқа нақты жауап беру мүмкін емес қой. Президент өз мақаласында мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, тіпті міндеті дейді. Сонымен қатар ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылмағанын ескерте келіп: «Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек» деп тиісті орындарға міндеттейді.
Президент, сонымен қатар шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынады. Бұл қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы екенін айтады.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі