Жақында Қаракөл қоқиқаздарының бейнеролигі қазақстандықтар мен шетелдіктерді қайран қалдырған болатын. Алайда қоқиқаздарды бейнероликке түсірген тұрғын талқының астына қалды.
Бірнеше күн бұрын Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы видео авторына хабарлама жіберген. Бірақ аталған инспекция түсіндіру сұхбатымен ғана шектелген. Бұл ретте жергілікті экологтар бейнеролик авторына тиісті шара қолданбағанын алға тартуда.
Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, тұрғын ерекше қорғалатын табиғи аумаққа уәкілетті органның рұқсатынсыз кірген. Құстардың күзгі миграциясы кезінде Қызыл кітапқа енген құсты мазалап, бейнеролик түсірген тұрғынды ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту керек еді.
«Бірақ уәкілетті орган қаумал режимін бұзған тұрғынның әрекетіне ең болмағанда ескерту түріндегі әкімшілік жазаға тартуға негіз таба алмай отыр. Тек түсіндіру сұхбатымен шектелді. Егер осы оқиға БАҚ мен әлеуметтік желілерде кең жарияланғаннан кейін шара қолданса, Қаракөл көліндегі қоқиқаздарды дронмен түсіргісі келетіндерге сабақ болатын еді», - дейді Ә.Қозыбақов.
Жауапкершілік жөнінде ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 378 бабының 2 бөлігінде жазылған. «...ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады».
Еске сала кетейік, қоғамда резонанс тудырған видеоға Экология миистрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ибраева да түсінік берген еді.
«Ерекше қорғалатын аймақтарда түсірілім ұйымдастыруды реттейтін заң нормалары бар. Біріншіден, рұқсат алу керек. Екіншіден, аумақта жануарлар мен құстардың тыныштығын бұзбас үшін арнайы ережелерді сақтау қажет. Оның үстіне қоқиқаз өте сақ құс, сәл ғана қауіп төнсе, бір жерге қайта оралмауы да мүмкін. Өздеріңіз көргендей, дроннан видео түсірілгенде тиісті қашықтық сақталмаған. Сондықтан егер айрықша қорғалатын табиғи аумақтарда түсірілім жасағыларыңыз келсе, тиісті баспасөз қызметіне хабарласуларыңызды өтінемін», - деп жазды Самал Ибраева фейсбук парақшасында.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН