ҚР тұңғыш Президенті күні қарсаңында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұжымы облыстық экология департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп 100 жыңғыл көшетін отырғызды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Негізгі мақсат – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Сонымен қатар өңірге келетін туристерге жақсы әсер қалдыру.
Жыңғылды Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының жол бойына және ерекше қорғалатын табиғи аумақ Қаракөл көлі маңына отырғызды. Қарапайым дала бұтасы эрозиядан және тұзданудан қурамайды.
«Кейбір тұрғындар қараша айының соңында ағаш отырғызу қаншалықты дұрыс деген сұраққа жауап іздеуі мүмкін. Бұған дейін мұнда эксперименталды ботаникалық бақтың қызметкерлері келіп, жердің құнарлылығына сараптама жасап, қорытынды шығарған. Яғни, жыңғылдың жергілікті климаттық жағдайға бейімделгеніне көз жеткізіп, 100 көшет отырғызу туралы шешім қабылдадық. Енді алдағы уақытта тек жақсы нәтиже күтеміз», - дейді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Садықов, бұл аумақта экологиялық тепе-теңдік бұзылмаса, кішігірім орманға айналатынына күмән келтірмейді.
«Бұл бос аумақ болатын, көшеттер тез гүлдей түседі деп сенеміз. Болашақта бұл жер кішкентай орманға айналса деген тілегім бар. Мамандар климаттық факторды ескерді. Осы ағаштарды күтіп, оларды уақытында суаруға тырысайық және тұрғындарды біздің бастаманы қолдауға шақырамыз. Жалпы әрбір тұрғын табиғатымызды барынша сақтауға үлес қоса білсе, нәтиже болары сөзсіз», - дейді ол.
Ағаштарды уақытында суаруға қатысты мәселені экологтар Өмірзақ ауылының әкімдігімен талқылаған болатын. Айта кетейік, экологтар қала тұрғындарын жасыл желектерге ұқыпты қарауға, сол арқылы аймақтағы қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосуға шақырды.