Маңғыстауға іс сапармен келген Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Ол жауапты мамандарға өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын дайындауды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Министр электр және жылу энергиясын өндіруге және дистиллят дайындауға арналған 10 турбиналық агрегат, 13 қазандық орнатылған 2-ші Жылу электр орталығының (2-ЖЭО) жұмысымен танысты.
Содан соң дистиллят өндіру зауытына барды. Онда теңіз суын тұщыландыру технологиясы және кешеннің тиімділігін арттыру жоспарлары туралы айтылды.
Сонымен қатар министрге 1999 жылдан бастап бөлшектеу және көму алдында 50 жыл бойы консервациялау және ұстау режимінде тұрған БН-350 жылдам нейтронды өнеркәсіптік реакторын пайдаланудан шығару жөніндегі жұмысы баяндалды.
Айта кетейік, Ақтау қаласында сұйық металл жылу тасымалдағышы бар БН-350 жылдам нейтронды өнеркәсіптік реакторы 1972 жылғы 29 қарашада физикалық іске қосылып, бір жылдан кейін Маңғыстау энергия жүйесіне қосылған болатын. БН-350 реакторлық қондырғысы ширек ғасыр жұмыс істеді.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жұмысымен танысқан Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Кәсіпорын Маңғыстау облысындағы өнеркәсіптік көшбасшылардың бірі. Сондықтан осы орынды сақтауы тиіс. Өз шешімін талап ететін бірқатар мәселелер де бар. Олар жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталуы тиіс. Кәсіпорынды дамыту бағдарламасын жасап, жинақталған мәселелерді шешуді қолға алу қажет», - дейді Нұрлан Ноғаев.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН