ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысына келді. Ол іс сапары барысында «CASPI Bitum» БК» ЖШС битум өндіру зауытының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аталған кәсіпорын «Қаражанбас» кен орнынан мұнай алып отыр. 2019 жылға дейін 1,590 мың тонна жол битумы өндірген. Нұрлан Ноғаев жол битумын өндірушілердің жұмысын жақсарту үшін Энергетика министрлігі қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
«Мемлекеттік сатып алулардың кешігуіне байланысты жол салушылар көктем мен жаз айларында битумды жаппай сатып ала бастайды. Сол арқылы битумға деген сұраныс артты. Бұл өз кезегінде бағасы сатушы мен сатып алушы арасындағы нарықтық қатынастармен реттелетін өнімнің құнына әсер етеді», - дейді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Осыған байланысты құрылыс маусымы кезінде битум бағасы өседі. Ал қыс айларында сұраныс пен баға төмен болады.
Энергетика министрінің айтуынша, жол салушылар жыл бойы битуммен біркелкі қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл өнімнің бағасын төмендетіп, жол битумын өндірушілердің технологиялық процестеріне оң әсер етеді.
Айта кетейік, «CASPI Bitum» БК» ЖШС - ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау облысында инвестиция есебінен салынған және табысты іске асырылған алғашқы кәсіпорын. Мекеме ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасының аясында ашылған болатын.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН