Жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісін отбасы күні ретінде атап өтеміз. Биылғы әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мерекелер сияқты бұл мейрамды да толыққанды мерекелеуге мүмкіндік болмады. Дегенмен, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің отбасы институтын, отбасылық құндылықтарын нығайту және отбасындағы адамгершілік-рухани тәрбие атты жобасын ұтып алған «Шаңырақ» қоғамдық қоры орайын тауып, арнайы шара ұйымдастырды. Жобаның мақсаты—«Ақ орамал» акциясы арқылы этносқа, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктерге қарамай, бейбітшілік идеяны қалыптастыру, отбасы қарым-қатынасын нығайту.
Облыстық перинаталдық орталығында «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп «Ақ орамал» акциясын өткізген қор жетекшісі Рысгүл Игілікова Ақтау қалалық перинатал орталығында да болды. Жас босанған аналарға құтты болсын айтқан Рысгүл Әлмішқызы отбасы күнінің мәнін түсіндіріп, аналық ақыл айтты.
- Елімізде 7 қыркүйек аналар күні болатын болса, айдың екінші жексенбісі отбасы күні екені белгілі. Осы күнге орай жылда «Мерейлі отбасы» байқауы жарияланып тұратын. Биыл мұндай ауқымды шаралардың тоқтап тұрғанын да білесіңдер. Біздің жерлесіміз Құлсариев отбасының республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алғаны да естен шықпақ емес. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұл мерекені бекіткенде елімізде отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақ санасына отбасылық өмірдің артықшылығын сіңіру болатын. «Шаңырақ» қоғамдық қоры, атауынан байқалып тұрғандай, шаңыраққа қатысты барлық мәселемен айналыласады деуге болады. 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында да жұмыс жүргізетін боламыз, деген Р.Игілікова жас аналарға ақ орамал сыйлады.
Қалалық перинаталдық орталық директоры Ғалия Махимова «Шаңырақ» қоғамдық қорына алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
- Біздің орталық—екінші деңгейлі перзенхатана, - деді ол. - Әйелдерді мекен-жайына қарамастан қабылдай береміз. Мамандарымыздың көпшілігінің біліктілік санаттары жоғары. Дәрігерлеріміздің 80 пайызы УДЗ меңгергендіктен аналар денсаулығын күндіз түні бақылап отырамыз. Мен 2014 жылы осында басшы болып келгенімде жылына 2 800 босану болатын еді. Былтыр 6 161 бала өмірге келді. Биылғы сегіз айда өткен жылғыдан 550 әйел артық босанғандықтан жыл соңына дейін 7 000-ға жеткіземіз деп отырмыз. Тазалықтың нышаны саналатын жаңа ақ орамалдарың құтты болсын. Қолдарыңдағы балапандарыңмен бірге дендерің сау болып, отбастарыңа аман барғайсыңдар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА