Ақтаудың 1а шағынауданында 200 орынды тез құрастырмалы модульді инфекциялық аурухана құрылысы жүріп жатыр. Жалпы жер көлемі 4 га құрайды. Аурухана құрылысы 7000 жуық шаршы метр жерге тұрғызылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 45 % аяқталды. Алаңда күндіз 528 жұмысшы, түнгі мезгілде 120 адам екі ауысыммен жұмыс істеуде. Жиын саны 28 техника жұмылдырылған. Құрылысқа жауапты компания өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта жұмыс қарқынына қарай жұмысшылардың саны 1 000 адамға дейін артады.
Медциналық мекеме 8 бөліктен тұрады: 4 блогы метал құрылғысынан, қалған 4 бөлігі тез тұрғызылатын құрылыс материалынан салынуда. Бұдан бөлек, жоспарға сәйкес медициналық қалдықтарды залалсыздандыру ғимараты, науқастарға оттегі жеткізетін станция және көліктерді залалсындандыратын қондырғы орнатылады.
Ғимаратты тапсыру мерзімі биыл қазан айына жоспарланып отыр. Медциналық мекеме NCOC компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында қолдауымен салынып жатыр.
«Инфекциялық аурухананы 1 шағынаудандағы аурухана қалашығының жанынан саламыз деген ой болған. Алайда, ол жерде құрылысқа қажетті 4 га жер болмағандықтан, қаланың іргесіндегі барлық инженерлік желілер тартылған осы аумақты таңдадық. Құрылыс жұмыстар тамыз айының ортасында басталды. Болашақта бұл аурухана жұқпалы ауруларды емдейтін мекеме болып қызмет атқаратын болады» - деді облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов.