«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде қазақстандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындарын аяқтаған жас лейтенанттармен және Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының түлектерімен оқу-әдістемелік жиындар басталды.
Оқу жиындары бір уақытта Атырау, Ақтау және Бейнеу қалаларында өтуде. Жиындарға 40-тан астам жас офицерлер мен 60-қа жуық сержанттар қатысып жатыр. Екі апта бойы жас әскери қызметшілерге жауынгерлік дайындықтың негізгі тақырыптары, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету тәртібі, сондай-ақ жеке құраммен жұмыс жасау әдістері бойынша сабақтар өткізіледі.
Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты – әскери ортаға бейімделуге көмектесу, жас мамандарды өздерінің лауазымдары бойынша практикалық біліммен қамтамасыз етуге тырысу, оқу процесін ұйымдастыру және жас кадрлармен сапалы тәрбие жұмыстарын өткізу болды.
«Мен, Құрлық әскерлерінің Әскери институтында әскери істегі логистика мамандығы бойынша төрт жыл бойы тәлім алдым. Оқуымды үздік аяқтап, Ақтау гарнизонына қызмет етуге ұйғарым алдым. Мен қызмет ететін әскери бөлімде заманауи материалдық база және қажет инфрақұрылымның барлығы бар. Командирлер тарапынан толық қолдау көріп жүрміз. Ендігі кезекте алған біліміміздің жемісін күнделікті қызметте және болашақ мансабымызда көреміз деген сенімдемін», - дейді жас офицер лейтенант Дәурен Рахымбай.
Кадет корпусының биылғы үздік түлектерінің бірі кіші сержант Жандос Мұхамбетов Ақтау қаласындағы теңіз жаяу бригадасының бөлімше командирі болып тағайындалды. Осы жиын барысында да, кешегі кадет тең қатарынының алды болып жүр.
Жиынға қатысушылар арасында Түркия Республикасында оқыған азаматтар да бар. Атап айтқанда, лейтенант Азамат Ерімбетов «Гюльхане» әскери-медициналық академиясында жеті жыл бойы білім алған. Жас офицер өз мамандығы бойынша Атырау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қызмет етуді жалғастырады. Оқу-жаттығу жиынының нәтижелері бойынша әр қатысушы жеке бағаланып мен қызметі бойынша ұсыныстар алатын болады.