Халықаралық Жастар күні аясында облыс көлемінде жастарды қолдауға, ынталандыруға бағытталған, оларды отансүйгіштікке, қоғамға қызмет етуге баулу және бос уақыттарын пайдалы іске жұмсау мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Jas Otan» жастар қанаты халықаралық Жастар күні және Абай күніне орай қала тұрғындарына ерекше сый тарту етті. Маңғыстаулық жастар теңіз жағалауына Ұлы ақынның бейнесі мен шығармалары бейнеленген граффити үлгісіндегі туындыны көпшілік назарына ұсынды.
Ал 10-12 тамыз күндері Каспий күнімен орайластырып «Таза өлке» эко–челенджі ұйымдастырылды. Эко–челендж аясында өлкенің көрнекті жерлері, демалыс орындары мен теңіз жағалауларында тазалық акциялары жүргізілді. Акцияға волонтерлық ұйымдар, белсенді жастар, қорық қызметкерлері, спортшылар, мәдениет саласының жастары, өндірістің жас мамандары, барлығы 400-ден астам жастар қатысты. Экоеріктілер 7 тоннаға жуық қоқыс жинады.
Сонымен қатар жастар қала және аудан тұрғындарына тегін бетперде таратып, «Жақыныңа жанашыр бол» акциясын ұйымдастырды. Волонтерлар тұрғындарды карантин талаптары мен санитарлық ережелерді қатаң сақтауға шақырды. Оған 100-ге жуық жас қатысып, 8 000-ға жуық маска табыстаған.
Атаулы мереке қарсаңында белсенді жастар білім додасын ұйымдастырып, әлеуметтік желі тікелей эфирінде «Жауап бер» онлайн викторинасы өткізді. Қатысушылар арасынан әр түрлі тақырыптағы сұрақтарға жылдам және дұрыс жауап берген жеңімпаздар жастар ресурстық орталығы атынан арнайы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ онлайн форматта «Zoom» платформасы арқылы облыстық кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Ой толғау» және мектеп оқушылары арасында «Жүзден жүйрік» зияткерлік сайыстары өтті. Зияткерлік сайысқа қалалар мен аудандардың студенттері, мектеп оқушыларынан құралған 14 құрама қатысты, 50-ге жуық жас атсалысты. Сайыс нәтижесінде жеңімпаздар және қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекеде аймақ басшысы С. Трұмов 80-ге жуық жасты коронавирус індетімен күресте көрсеткен жанқияр жанашырлығы мен биік азаматтық ұстанымы үшін Алғыс хатпен марапаттады.