Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов сөгіс алғаннан кейін жасыл желектердің суарылуын жіті қадағалауды қолға алды. Алдымен шаһар басшысы көгалдандыру жұмыстарына жауапты мердігер мекеменің қатысуымен жүрмелі жиын өткізді. Жиын барысында ол қаланы көгалдандыру мен жасыл желекті күнделікті суару мәселесінің басты назарда екенін атап өтті.
Аталған мәселеге сай тұрғындар тарапынан келіп түсер шағымдар да азаяр емес. Ағаштардың уақытылы суарылмай, қараусыз қалғанына наразы. Жыл сайын шиіленісетін жағдайдың шешімін шығаруда бұл жолы шаһар басшысы қаталдық танытып, мердігер мекеме өкілдеріне ескерту берді. Сонымен қатар қаладағы 72 200 ағаштың әрбір қурағаны бойынша тиісті шаралар қолданатынын айтты. Егер тапсырмалар орындалмаса әкімдік «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоры» қоғамдық бірлестігін сотқа беретінін де жеткізді.
Қала әкімі Ғалымжан Ниязов аталған жұмысқа техника санын арттыруды тапсырды. Бұған дейін 15 шақты арнайы суару техникасы таңертең және кешке суару жұмыстарына жұмылдырылған болса, енді мердігер мекеме өкілдері 45 суару техникасын шығаруға уәде берді.
Алайда қаланы көгалдандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығармаймыз. Қаладағы 2002 жылы жүргізілген темір құбырлар ескіріп, жарамсыз қалған болатын. Осы ретте су құбырын пластикалық құбырға (200 шақырым) кезең кезеңімен ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Осы құбырлар арқылы суарудың тиімді әдістері, атап айтсақ, тамшылата суару жүйесі мен жаңбырша бүркеп шашу жүйесі қолданылып жатыр. Сондай-ақ қала халқының саны шамадан тыс артуына байланысты жаңа шағынаудандар қосылды. Онда жаз мезгілінде су құбырының қысымы төмендеп, көппәтерлі тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарына су жетпей қалуы мүмкін. Осы бағытта көгалдандыру мекемесімен жаңа сыйымдылықтар сатып алынды, көк желектерді тұрақты суарылуын қамтамасыз етіп жатыр», - дейді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл қаланы көгалдандыру жұмыстарына 840 млн теңге бөлінген болатын. Оны мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі ұтып алған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Видеоны Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды