Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергенов мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының тікелей араласуыменен бірқатар шаралар жүргізілді.
«Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан жүргізілген келіссөздердің көмегімен 41 сауда нысаны 6400-ден астам кәсіпкерді толықтай жалға беру төлемдерінен босатты, кейбірі төлемнің 50-80% мөлшерінде жеңілдіктер жасады. Қарқынды жұмыстар коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша да жүргізілді. «КЖСА» коммуналдық мекемесі 18 бизнес нысанына төлемді кейінге қалдыруға рұқсат берді.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несиелерді алу бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 82,5 млрд теңгені құрайтын 92 жоба қатысуда. Соның ішінде 64,5 млрд теңге көлемінде 80 жоба мақұлданды. Бағдарламасы аясында қайта өңдеу өнеркәсібіндегі, ауыл шаруашылық, қызмет көрсету салаларындағы кәсіпкерлер айналым қаражатын толықтыруға және инвестиция тартуға екінші деңгейлі банктер арқылы 6%-бен жеңідетілген несие алады, - деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Ізбергеновтың мәлімдеуінше, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Атамекен» микроқаржылық ұйымымен мемлекеттік қордан қаражат тарту арқылы 2016-2020ж.ж. аралығында жалпы сомасы 2,2 млрд.теңгені құрайтын 413 шағын несие беріліп, 727 жаңа жұмыс орындары ашылды. Карантин кезінде 65 кәсіпкердің несиесі шегерілді, іскерлерге 70 млн тг несие берілді. Алдағы екі айда 300 млн тг қаражат беру жоспарланып отыр.
«Биыл қаңтар айынан бастап Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерден 127 өтініш келіп түсті. Оның басым көпшілігі кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жер мәселелері, әкімшілік кедергілер және қоғамдық мониторингке негізделген. Ал төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер палатасының жедел штабына 463 өтініш қабылданды», - дейді Ербол Ізбергенов.