Қадірлі жерлестер!
"Facebook" әлеуметтік желісінде көтеріліп отырған проблемалар өзекті екендігі баршамызға белгілі. Туындаған мәселелер халық қалаулыларын алаңдатып отырғанын жақсы түсінемін. Десе де, жылдар бойы қордаланған сұрақтарды санаулы күнде шешу мүмкін емес екендігіне түсіністікпен қарауға шақырамын.
Өзі көптен проблемалары шаш етектен медицинаға күтпеген жерден пандемия косылды. Осындай қиын сәтте облыс медицинасының тізгінін ұстау оңай емес. Бар аяғы 20-шақты күн жұмыс жасағанда, көріп-біліп, алдыма қойып отырған жоспарымды айта кетейін. Қазір «пиарға» ешқандай уақытым жоқ. Дегенмен, халық күтіп отыр ғой деп, азғантай ойыммен бөлісіп отырмын.
Қазіргі таңда Бейнеу ауданында короновирус инфекциясының өршуі тек тұрғындарды ғана емес, дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Өкінішке орай, ауыл тұрғындарының карантин ережелерін сақтамауы, базарлар мен дүкендерде, қала берді той-томалақтарда, садақаларда бір-бірімен еркін араласып жүруі, аурудың кең таралуына әкелді.
Індетке қатысты жағдайға сену, сенбеу деп қарауға болмайды. Ақиқатты дүниеге шынайы қарайық.
Расында, Covid-19 індетін жұқтырғандар саны өсіп барады. Әрине, өкінішті.
Короновирус әңгімесі шығып бастағаннан біздің облыста да дайындық жұмыстары қолға алынды. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары, аса қажет медициналық құрал-жабдықтар алу, соның ішінде жасанды тыныс аппараттары, мониторлар, пульсоксиметрлер және т.б. құралдар мен жеке қорғаныш құралдары алынып бастады. Демеушілік және гуманитарлық көмектер дер кезінде жетті. Осы жұмыстардың арқасында медициналық құрал-жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарымен жеткілікті екенін айтып өткен жөн. Бұл мәселелердің шешу жолдары жергілікті атқарушы органдардың тікелей қолдауының арқасында екендігін айта кеткен жөн. Барлық сұрақтар облыс әкімінің жіті бақылауында. Осы ретте, медицинаға барынша қолдау білдіріп жатқан жандарға ерекше алғысымды білдіремін.
Рас, короновирус медицинадағы бүкіл проблеманы ашып берді деуге негіз жоқ емес.
Біріншісі, медицина ғимараттарының жетіспеушілігі. Осы тарапта бұрынғы Кеңес одағынан қалған аз ғана ғимараттарымызды жергілікті бюджет есебінен тез арада жөндеп, облысымыздың барлық өңірінде провизорлық және инфекциялық стационарлар ашылды. Мұның бәрі жергілікті атқарушы органдарының қолдауымен медицина қызметкерлерінің еңбегінің арқасында жүзеге асты. Сол себептен жоспарлы науқастардың госпитализациясы тоқтатылды.
Атап айтар болсақ, 223 орынға есептелген инфекциялық стационарлар аштық. Оның ішінде Маңғыстау облыстық ауруханасы жанындағы 70 орындық инфекциялық бөлімше, Жаңаөзен қаласындағы ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасының 70 орындық инфекциялық бөлімшесі, Бейнеу аудандық орталық ауруханасы базасындағы 63 орынға есептелген инфекциялық бөлімшесі, Түпқараған және Маңғыстау аудандарындағы орталық ауруханалары 10 орыннан инфекциялық бөлімшелер ашылды.
Провизорлық стационарлар 181 орынға есептелдi. Оның ішінде Маңғыстау облыстық ауруханасы жанындағы 100 орындық көпбейінді провизорлық стационар, 35 науқасқа есептелген Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының жанындағы провизорлық бөлімше, 25 адамға есептелген Бейнеу аудандық провизорлық бөлімше, 10 науқасқа есептелген Түпқараған аудандық провизорлық емхана, 6 науқасқа есептелген Маңғыстау аудандық провизорлық бөлімше, 5 науқасқа есептелген Жетібайдағы аудандық аурухананың провизорлық бөлімшелер де іске қосылды.
Обсервациялық (карантиндік стационарлар) 495 орынға есептелді. Атап айтқанда, Ақтау қаласы 3 шағын ауданда орналасқан 280 орынға есептелген жатақхана, Жаңаөзен қаласындағы «Медикер» медициналық орталығында 95 орын, Бейнеудегі 50 орындық шипажай бағының ғимараты, Форт-Шевченко қаласындағы 50 орындық жазғы лагерь, Шетпе ауылындағы 20 адамға есептелген қонақ үйі жұмысын бастады.
Резервке обсервациялық 465 орын тағы қарастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, Ақтау қаласындағы «Медет» жатақханасында 200 орын, Жаңаөзен қаласындағы медициналық колледжде 45 орын, Жаңаөзендегі «Кендірлі» лагерінде 220 орын запаста тұр.
Вирусты анықтайтын зертханалар дайындалды.
Бұл ғимараттарды іске қосу, барлық жиһаздары мен медициналық құрал-жабдықтарды тасу, санитарлық режимге сай қабылдау бөлімшелері мен палаталар, операция мен босану залдары, кіші операция бөлмелері, тағысын тағы медицинаның ішкі жұмыстарының жасаудың бәрі - медиктердің еңбегі.
Мысалы барлық елдерде, тіпті басқа облыстарда да атақты бизнесмендер, өнер адамдары және т.б. өздерінің жекеменшік қонақ үйлерін медицинаға тегін беріп жатыр. Біздің облыста ондай «жомарттықты» ешкім көрсетпеді.
Айта берсек жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан проблемалар жетіп артылады. Ақтау қаласына қалалық аурухана керек дегенімізге 15 жыл болды. Соншама жыл шешімін таппай келген болашақ аурухананың құрылысы, өте өзекті мәселе екенін дәлелдеп, басталатын болды. Амандық болса, ол аурухананы да іске қосармыз. Инфекциялық аурухана 120 000 халқы бар қалаға есептелген күйінде қалған. Қазіргі таңда ол мәселе де оң шешімін тауып, 300 төсектік инфекциялық стационардың барлық қағаз жұмыстарын дайындап жатырмыз.
Екіншіден, дәрігерлер жетіспейтіні – баяғыдан жыр болған мәселе. Дәрігерді, соның ішінде тәжірибелі маманды шақыру үшін, ең алдымен, оның тұрмыстық жағдайын жасау керек. Кез-келген адам үшін алдымен баспана керек емес пе? Салыстырмалы түрде айтсақ, Қостанай облысында жыл сайын 90-120 пәтер дәрігерлерге беріледі. Біздің облыста ол неге жүзеге аспайды? Тек Жаңаөзен мен Құрық аздап үй беріп тұрады.
Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласы - республикамызда өте тартымды шаһар. Мұнда келгісі келетін маман көп. Өкінішке орай, бұл мәселе шешілместен келеді. Барлық медициналық ұйымдар өз қаражаты есебінен шақырылған мамандарға үй жалдап отыр. Осы сұрақты неге көтермеске?
Атқарған еңбегіне орай қосымша төлемақы барлық дәрігерлерге беріліп отыр. Ешбір дәрігер оған шағымданып жатқан жоқ. Осы орайда ақ халатты абзал жандар өздерінің риза екендіктерін айтуда. Мыңдаған дәрігерлер мен орта және кіші буын медицина үстемақыларын алып отыр. Ауру жұқтырған дәрігерлердің де компенсациясы да өңірлік комиссия отырысымен қаралып отыр. Яғни бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді және айтарлықтай қиын шаруа жоқ.
Сондай-ақ бірқатар медициналық мекемелердің кредиторлық бережақтары бар. Соның бірі, Маңғыстау облыстық ауруханасы. Бұл мәселе ондаған жылдар бойы шешімін таппай келеді. Облысымыздың бетке ұстар ауруханасының осындай күйі мені қынжылтады. Әлі күнге шейін, осындай кредиторлық берешекке жол берген ешқандай аурухананың басшысы жаупқа тартылған жоқ. Бұл аурухананы осы өшпестей келе жатқан қарыздан құтқарып, алдыңғы орындарға шығарумыз керек. Оған сай мамандарымыз бар.
Облысымыздағы бастапқы медицина ұйымдарының жұмысы сын көтермейді. Олардың деңгейін көтеруіміз керек. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылраға арналған мелекеттік бағдарламасында салауатты өмір салты мен бастапқы медициналық көмекті дамытуды алға қойылып отыр.
Халыққа әсерлі ағартушылық жұмыстарды да атқарып жатырмыз. Республикалық бюджеттен қаржыланып салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған конкурс өтпей қалған. Сөйтіп, халыққа салауатты өмір салтын насихаттау және ағарту-ақпарат жеткізу жұмыстары тоқтап тұр. Республикалық бюджетті игермеу қаупі қолдан жасалып отыр. Осы мәселені де оң жолға қою біраз күшті алып кетті.
Шұғыл түрде Бейнеу ауданында карантин режимін күшейту керек. Бұл жұмыс тек қана медиктердің жұмысы емес. Өкінішке орай, бәріне тек қана медицина кінәлі деп ойлайтын азаматтар аз емес. «Озық» ойлы азаматтар осы ойларын бүкіл елге таратып отырып алады. Оларға «қойыңдар» деуге болма ма? Бір қызығы, осы індетті өз пайдасына шешкісі келіп, ұпай жинауды ниет еткендер өте көп. Болып жатқан барлық жағдайды медицина қызметкерлерінен көріп, бір жақты пікір жазып, шешім қабылдау жөнсіз деп есептейміз.
Әлде де жетпейтін заттарымыз өте көп.
Компьютерлік томограф жетіспейді. Санитарлық машиналар жетіспейді. Кейбір жерлерде дәрігерлер өздерінің жеке көліктерімен науқастарды тасып жүр. Облыстағы санитарлық машинамен қамтамасыз ету 60 % құрайды. Оның ішінде 60 % тозығы жеткен.
Табиғат та қазір ерекше ыстығымен медиктерді «жазалап» жатыр. Дәрігерлер 50 градус ыстықта жеке қорғану құралдарымен (средство индивидуальной защиты) жұмыс жасап жүр. Кондиционерлер жоқ. Оған да жергілікті атқарушы органдар демеушілер тауып беріп жатыр.
Күні бүгінге дейін Бейнеу ауданына 5 бригада барды. Облыс әкімінің орынбасары бастаған, денсаулық сақтау басқармасының және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті (бұрынғы СЭС) басшысының орынбасары бірге барды. Өңірдегі медициналық мекемелердің бас дәрігерлері көмек қолын созуда аянып қалмады. Енді 6-шы бригада дайындалып жатыр.
Науқастар туралы, қанша анализ тіркелгендігі жөніндегі нақты ақпарат министрлікке күніне 2 рет беріледі.
Медицинада өзінің де жұмыстары жетіп артылады. Адамдардың басқа да мыңдаған ауруы бар. Аналар босануын, ал балалар ауыруын қойып жатқан жоқ.
Қадірлі маңғыстаулықтар, бүгінде бір-бірімізден кемшілік іздеуді доғарған жөн. «Сабыр түбі - сары алтын» деген даналықты ұмытпайық. Түсінеміз, қазір кім-кімге де оңай болып тұрған жоқ, оның ішінде ақ халатты абзал жандарға. Бәрінен де сыйластық, құрмет және ауызбіршілік қымбат!
Мен ашық әңгімеге дайынмын, ештеңені жасырмай пікірлесуді де қолдаймын. Дегенмен де, қазір мен нақты іспен араласуды жөн санаймын: халықтың денсаулығынан артық маңызды ештеңе жоқ мен үшін. Назар қойып, соңына дейін оқып шыққаныңызға рахмет!
Құрметпен, Жамал Жаманбаева,
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы