© Фотоны түсірген Бауыржан Ниязкулов
13 мамыр күні Ақтау қаласы «Халық арена» спорт кешенінде алғаш рет спорттық және жауынгерлік самбодан жасөспірімдер, жастар, кадеттер және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты басталады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Самбо Азия және Океания одағының президенті Аламжон Муллаевтың мәлімдеуінше, чемпионатқа 25 мемлекеттен 500-ден астам спортшы келеді. Сондай-ақ ол брифингте Азия және Океания чемпионатын өткізуге септігін тигізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала әкімі Ұлықбек Тналиевке алғысын айтты.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев чемпионатты өткізу өңірдегі туризмді дамытуға серпін беретінін атап өтті.
- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласы аумағында туризмді дамыту экономикамызды ілгерілетудің басым бағытына айналды. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша қонақ үйлер қызмет көрсеткен келушілер саны 346 228 адамға жеткен. (2022 жылдың қаңтар–желтоқсан айларына келушілер саны – 278 783 адам, өсім 24%.) Қызмет көрсетілген туристердің 306 599-і қазақстандық болса, ал 39 629 адам - шетелден келді. Былтыр оқушылар арасында шахматтан әлем чемпионатында 53 елден 400-ге жуық оқушы қатысты. Бүгін басталатын Азия және Океания чемпионаты самбо спорт түрін дамытуға үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін! - деді Ұлықбек Тналиев.
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша, чемпионатта елдің 96 спортшысы бақ сынайды.
- Тартысты додаға самбошыларымыз сақадай сай. Олар осыдан 3 апта бұрын қаламыздағы «Толқын Плаза» қонақ үйіне тұрақтап, оқу-жаттығу дайындығынан өтті. Бүгінгі дүбірлі жарысқа 25 мемлекеттен спортшылар мен арнайы қонақтар келді. Оларды Ақтау әуежайынан арнайы трансферлер күтіп алып, қаламыздағы «Caspian Rivera», «Holiday Inn», «Nur Plaza», «Dostyk Hotel» қонақ үйлеріне тұрақтады. Осы тұста, әрбір спортшыға толағай табыс, шыдамдылық пен сабыр тілеймін. Жетістіктеріңіз бен жеңісті күндеріңіз көп болсын! - деді Мақсат Мұқаш.
Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов жарыс жас спортшылардың спортқа деген қызығушылығын арттыратынына сенімді. Сондай-ақ, ол жарыс аяқталған соң қараша айында Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындықты бастап, жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.