Ақтауда көгалдандырушылар жер аударып, тыңайтқыш себіп жүр. Қаланы көгалдандыру жұмыстары 12 шағынаудандағы «Тобанияз» саябағынан басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің айтуынша, қаланы көгалдандыру жұмыстарына 840 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша «Атамекен» мүгедектерді қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанды.
Мердігер мекеме наурыз айында Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісім шартқа отырды. Енді бір жыл бойы қала аумағындағы жасыл желектерді күтіп ұстау, ағаштардың түптерін әктеу, суару жұмыстарын жүргізеді.
«Қала аумағына жаңадан 1500 дана ағаш, 357 000 дана бір жылдық гүл, 2000 шаршы метр раушан гүл, 4000 шаршы метр бұта мен 5000 шаршы метр тал отырғызу жоспарланып отыр», - деді Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер Ақтау қаласы әкімдігі фейсбук парақшасынан алынды