Қазақстандық оқушылар 6 сәуірден бастап қашықтан оқуға көшеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
CОVID-19 коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Бас санитарлық дәрігер қаулы шығарған болатын. Онда «6 сәуірден бастап барлық орта білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға ауыстыру туралы» хабарланған.
Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов уақытша қашықтан оқытуға көшу шешіміне байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралардың бірі.
«Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық. Біріншіден, теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл - тіптен жаңа формат. «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет. Түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияда болдым. Сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобы әрбір шығарылымды мұқият пысықтауда. Біздің ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруде. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылып жатыр. Бұл оңай іс емес екенін бірден айтқым келеді», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, төртінші тоқсанның басталуына 1 апта қалды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА