Ақтау қаласында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп қоғамдық рейд өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін қоғамдық көліктердегі жолаушылардың карантин режимін сақтап, бетперде тағып жүргенін тексеру үшін арнайы рейд ұйымдастырылды. Жалпы 20-ға жуық қоғамдық көлік тексерістен өтті. Мониторинг аясында жолаушыларға қоғамдық көліктегі карантиндік шаралардың сақтау ережелері түсіндірілді. Ал бетперде тағудан бас тартқан адамдар автобустан түсті.
«Өңірде індеттің таралу қаупі әлі күнге дейін сақталып отыр. Сол себепті аймақта карантин шаралары күшейтілді, қоғамдық орындар мен автобустарда бетперде тағу қажет. Бұл жолаушылардың өзіне және тұрғындарға қорғануға мүмкіндік береді», - дейді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев.
Еске салайық, 8 маусымдағы Маңғыстау облысы Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық көлікте бетпердесіз жүруге болмайды. Қалада қоғамдық көліктер таңғы сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін, кешке сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін қатынайды.