10 маусым күні «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Ақтау қаласы бойынша филиалы ашылды. Шараға Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысы Қ.Амиров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Г.Алдашова, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Д.Үсіпбаев және жобалық кеңсе мүшелері қатысты.
Жобалық кеңсе қызметі қоғамдағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуге және жергілікті атқарушы билік органдарына азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған. Жобаны іске асыру тиімділігін бағалау сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін анықтау мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне негізделеді.
– «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Ақтау қаласында орналасқан бөлімшесін көруге келдік. Бұл сервистік орталық мемлекеттік мекемелер жұмысының ашықтығына бақылау жасап, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге септігін тигізеді. Кеңсе қызметінің үш басты бағыты бар. Ең алдымен, сыбайлас тұрмыстық жемқорлық тамырына түбегейлі балта шабуға бар күш-жігерімізді сарп ету. Екіншіден, халық санасында жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Сонымен қоса билік пен қоғам арасындағы ашық диалогті қолдау және қос тараптың байланысын нығайту болмақ», – дейді «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Д.Үсіпбаев. Филиал жетекшісі болып А.Сүгірбай тағайындалды.
«Ашықтық қағидатына сүйене отырып, өз қызметін жүргізетін сервистік орталықта облыс әкімдері азаматтарды қабылдап, олардың талап-тілегіне, өтініш-арыздарына құлақ түріп, мәселелерді бірлесе шешуге жұмыстанып келеді», – деп атап өтті А.Сүгірбай.
Өз кезегінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Г.Алдашова жаңа кеңседегі қауырт жұмыстың басым бағыты қоғамда тамыр жайған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыруға негізделгендігін мәлімдеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ