1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында «Балаларға базарлық» акциясын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Бүгін балалардың асыға күткен мерекесі. Осы орайда облыстық сәбилер үйінің сұранысы негізінде логопед бөлмесіне қажетті желдеткіш пен балаларға арналған медициналық дәрумендерді тапсырдық. Акция одан әрмен қарай Ақтау қаласындағы «Рай» шұғыл көмек көрсету орталығында жалғасты. Орталық 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Белсенділер орталықтағы балаларды тәттілермен және медициналық дәрумендермен қуантты. Осы орайда акцияның өтуіне қолдау білдірген барша қайырымды жанға алғысымды жеткізгім келеді», - дейді «Jas Otan» жастар қанатының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Наурызбек Мағдатов.
Қазіргі таңда аталған сәбилер үйінде 28 бала бар. Орталық күннен-күнге дамып, жаңартылып отыр.
«Каспий теңізінің итбалығы мен шағалаларының суреттері ойын бөлмелерінің сәнін келтіріп тұр. Қазіргі жағдайда біз барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтап отырмыз. Осы орайда бүгінгі мерекені қарсаңында балаларды қуантуға келген «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының белсенділеріне ерекше алғысымды білдіремін. Осы акция басталған уақытта логопед бөлмесіне қажетті желдеткіш сұраған едік. Бүгін сол сұраған құралымыз келіп, қуанып жатырмыз», - деп облыстық сәбилер үйінің бас дәрігері Сару Ермуханова өз алғысын жеткізді.