Ақтауда көп қабатты тұрғын үйлердің сыртын бояу жұмыстары басталады. Биыл 157 үйдің қасбеті түрлі түске енбек. Шаһардың көркін асырған ауқымды іске қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің сырты екі жыл бұрын боялды. Ол кезде қаланың 55-жылдығына орай, 25 шақты үйдің сырты кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңарған болатын.
«25 шағынаудан бойынша жолдың бойындағы тұрғын-үйлердің қасбеттерін (фасад) архитектуралық талаптарға сәйкес бояуды қолға алып отырмыз. Барлығы 440 213 шаршы метр сырланады. Бұл дегеніміз қаладағы 21 шағынауданның орталық көше жағындағы көп пәтерлі тұрғын үйлерін қамтитын болады. Түсіне қатысты бірнеше үлгілері жасалады.»,- деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.