Ақтау қаласындағы 2, 6, 7, 12, 26 және 27-шағынаудандарын толық абаттандыру үшін республикалық бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл аталған 6 шағынауданның ішкі жолдары, жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын және спорт алаңы толық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар орталық жол бойында орналасқан 177 көпқабатты тұрғын үйдің касбеттері сырланады.
«Жоспарға сәйкес белгіленген шағынаудандардан 67,2 шақырым ішкі жол, 45,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөнделеді. 63 балалар ойын алаңы мен 22 спорт алаңы абаттандырылады», - дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.
Айта кетейік, былтыр абаттандыру жұмыстарын «Алаш Констракшн» ЖШС жүргізген болатын. Мердігер мекеме қала аумағындағы тіреу қабырғаларын сырлау, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін сырлау және күтіп ұстау, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарына сырлау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қала аумағындағы ескерткіштерді жуу, шағын сәулет нысандарын сырлау, жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын атқарды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН