© admgalich.ru
Бүгін Дүниежүзілік адамдардың суға батуының алдын алу күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі бір апталық республикалық «Балаларды суда қорғаңыздар» акциясын бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Акцияның мақсаты – кәмелетке толмаған азаматтардың жазатайым оқиғалары мен қаза болуына жол бермеу.
Қазақстанда соңғы 10 жылда 2 240 адам, оның ішінде 701 бала қаза тапты.
Биыл шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазақстан құтқарушылары 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарды.
Алайда жаз басталғалы 93 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті.Балалардың қайтыс болу фактілері көбінесе Атырау, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстарында тіркелді. Негізгі себептері тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, өз күштерін асыра бағалау және жүзе алмау.
Осыған байланысты Дүниежүзілік адамдардың суға батуының алдын алу күні аталмыш өңірлердің құтқарушылары кезекті рейдке шығады.
Біз үшін әр өмір маңызды!