Мұнайлыда аудан кәсіпкерлерінің ерекше өнімдері ұсынылған «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өңірлік Атамекен кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев, орынбасары Аманат Махмутов, Палата жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы әрі «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Маңғыстау облысы бойынша тәлімгері Сәуле Салихова көрмеге қатысушылардың өнімін тамашалады.
Одан бөлек, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасарлары Нұрхан Мұстафаев пен Сара Ноғаева және ауыл әкімдері қатысқан.
Көрмеде ауданның 21 кәсіпкері түрлі өнім ұсынды. Қатысушылар ет пен сүттен табиғи өнімдерін әкелсе, кейбірі жылыжайда өсірген көкөнісін таныстырды. Сондай-ақ, қатты қалдық пен полимерлік құмнан құрылыс саласына керекті өнім жасап шығаратын азамат өз кәсібінің қыр-сырын айтты.
Көрме барысында Рашит Тұранұлы қатысушыларға кәсібін дамытудың, мемлекеттік грант алудың тәртібін түсіндірді. Ал Сәуле Халелқызы көрмеден соң баяндама жасап, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының маңыздылығын түсіндірді. Оның айтуынша жоба өңірдегі жұмыссыздықты жоюға ықпал етеді.
- Бұл жоба ең алғаш Жапонияда бастау алған. Жапония әр ауыл бір өнім шығарып, бір жағынан жұмыссыздықпен күрессе, бір жағынан кәсіпкерлікті дамытқан. Біз қазір сол елдің технологиясы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Егер кәсіпкерлік осы бағытпен қарқын алса, өңіріміз алдағы уақытта шеттен келетін тауарларға тәуелді болмайды. Мысалы, бұрын қарбыз Түрікменстаннан келетін болса, қазір базарларда Құрықта өскен қырбыз көп саудаланады. Бағасы да тиімді. Міне осылай әр кәсіпкер өз саласында тынымсыз еңбектенсе, өз өңірімізді өзіміз қамтамасыз ететін күнге жетеміз. Бұл жобаны Ұлттық деңгейге көтеруге әрбір кәсіпкердің үлесі зор болмақ, - деді Сәуле Салихова.