Бүгін Құрықта футболдан жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қарақия ауданының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Төкенов Санат Теңелұлы қатысып, спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтады.
«Биыл ауданымыздың құрылғанына 50 жыл толып отыр. Сіздер, сол мерейтой аясында ауылымызға келіп, жасыл алаңда кездесіп отырсыздар, Қазыналы Қарақияға қош келдіңіздер! Жақында ғана Германияда өткен футболдан әлем чемпионатында жеңімпаз болған «Атриум» командасының белді бір мүшесі осы, Құрық ауылының баласы болатын. Сіздерге сол, Абай Елемесовтың жолын берсін, сәттілік! Спорт – бәсеке, алаңда тартысты ойын үлгісін көрсетіңіздер. Алайда, достық жеңсін!» - деді ашылу рәсімінде Санат Теңелұлы.
Айта кетейік, бұл турнирге өңірдің қала, аудандарынан басқа Батыс Қазақстан және Атырау облысының бірнеше аудандарынан 8 команда қатысып жатыр.