Биыл ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық басылымы «Отан сақшысы» газетіне – 80 жыл толуда. Әскери журналистика саласының майталмандары қызмет ететін басылым өз жұмысын 1943 жылы бастаған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Сонау соғыс өті өршіп тұрған 1943 жылғы шілдеде іргетасы қаланған гaзет пен шығармашылық ұжым тізбегі күні бүгінге дейін тапсырылған маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Соғыс жылдары майдангерлер үшін ақпараттың негізгі көзі болып табылған бұл газет жауынгерлердің рухын оятып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырды.
Батырлық пен батылдықтың, жанқиярлылық пен жанкештіліктің, сонымен қатар бауырмалдық пен жолдастықтың үлгілерін насихаттаған басылым отандастарымызды әрдайым жеңіске жетелеп отырды.
Бүгінде басылымда әскери журналистикада қалам тербеп жүрген мамандар қызмет етеді. Олар тек әскери тақырыптағы жаңалықтар, ақпарат жазып қана жазып қоймай осы саладағы мәселелерге журналистік зерттеу жүргізіп, поэзия, проза саласында да жұмыстанады.