Өңірлік «Жыр - жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының шәкірттері амфитеатр сахнасында рухани шара өткізді деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Жыр - жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болған шарада «Жыр - жебе» жүйріктері ашық аспан астында күй тартып, айтысып, поэзия оқып, жыр-терме айтып өнерін паш етті.
⁃ Айтыс өнері өңірімізде кенже қалған болса, қазіргі таңда мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Рухани шара жас айтыскерлердің көпшілікке танылуына, сахнада өзін еркін сезінуіне, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. 2015 жылдан бері өңіріміздің түкпір - түкіпірінен жас айтыс ақындарды тәрбиелеумен айналысып келеміз. Біздің мақсатымыз - ұлттық құндылықтын дәріптейтін ұлы өнерді кеңінен насихаттау , - деді «Жыр - жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының директоры Фархад Мұсаев.
Сонымен бірге, шара алдында Халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, айтыскер ақын Мұрадым Мирланов жас ақындарға арналған шеберлік сағатын өткізді. «Алаш» лицейінде ұйымдастырылған жиынға 18 жас ақын қатысты. «Заманауи айтыстың түрлері» атты шеберлік сағатында Мұрадым Мирланов айтыстағы тәжірибесі, мақамның түрлері, қазіргі таңда өтімді айтыс жасаудың техникалары туралы әңгіме өрбітті. Ақындар мектебінің шәкірттері айтыскерге көкейіндегі сұрақтарын қойып, еркін форматтағы шеберлік сағатынан рухани азық алып қайтты. Жиынға қатысқан әрбір шәкіртке шеберлік сағатына қатысқанын растайтын сертификат табысталды.
⁃ Шеберлік сағаты әрқайсымыз үшін де пайдалы болды. Айтыскер заманауи айтыстың қыр - сырымен бөлісіп, бар білімін ортаға салды. Біз азулы айтыскермен сұхбат құрып, білім көкжиегімізді кеңейттік. Жас буын ретінде төл өнерді дамытуға үлкен шабыт алдық. Осындай шеберлік сағаттары жиі өтіп тұрғанын қалаймыз,- деді «Жыр - жебе» ақындар мектебінің шәкірті Жанболат Алиев.
Айта кетейік, бұл «Жыр - жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» - ның әлеуметтік жобасын жеңіп алғалы өткізген алғашқы іс-шарасы.