Қызмет су тасқынынан зардап шеккен еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындарына қолжетімді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
Су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарының азаматтары енді eGov мобильді қосымшасы арқылы шығынның орнын толтыру туралы арызды оңай әрі ыңғайлы бере алады. Бұл қызметті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «НИТ» АҚ бірлесіп, азаматтардың қажеттіліктері мен ыңғайлылығын ескере отырып әзірледі.
«Бұл қызметті пайдалану үшін азаматтарға eGov мобильді қосымшасын ашып, басты бетте тиісті опцияны таңдау жеткілікті. Айта кету керек, егер өтінім қағаз жүзінде берілген болса, оны қайта жіберудің қажеті жоқ - ақпарат автоматты түрде есепке алынады», - делінген хабарламада.