ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысы бүгінде дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындап жатқанын айтты. Атап айтқанда, бірқатар объект бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігуде.
«Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз», – деді Әлихан Смайылов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев республиканың бірқатар өңірінің жылу көздеріндегі проблемалық мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндады, ал индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова жылумен жабдықтау желілерін жөндеу барысы туралы айтып берді.
Атап айтқанда, Маңғыстау облысында жекелеген қазандықтар мен турбиналарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың кешігіп жатқаны, сондай-ақ «МАЭК» ЖШС-нің №2 энергетикалық блогын жөндеуге келісімшарт жасалмағаны сөз болды. Осы ретте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылданып жатқан шаралар туралы түсініктеме берді.
Жиын барысында басқа да өңір басшылары сөз сөйледі.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өтті, сондықтан қазірден бастап ірі апаттардың алдын алып, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.
«Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті.
Кеңес соңында Үкімет басшысы бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.