Бұл туралы «Radio Business FM» радиосының басшысы Рустам Мақсұтов Алматыда өткен Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Құрылтайда «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланды.
Сессияда «Radio Business FM» радиосының басшысы Рустам Мақсұтов радиохабар таратушылардың негізгі ауыртпалықтары туралы мәселе қозғады. Оның айтуынша қазақ әндерінің көпшілігі радиоға жарамайды.
«Радиостанциялар мен тыңдаушылардың өз талғамы бар. Шын мәнінде, қазір қазақтілді аудитория үшін шығарылатын әндер көбінесе біз ұсынатын талаптарға сәйкес келмейді. Олар мейрамханалар мен кафелерде айтылатын әндер. Сондықтан форматымызға сай емес», – деді Рустам Мақсұтов.
Сондай-ақ ол бизнес пен экономика тақырыбында қазақтілді аудитория үшін ақпарат бере алатын мамандар мен сарапшылар аз екенін айтады.
«Соңғы бес жылда біз бизнес пен экономика туралы ақпаратты сенімді және дұрыс жеткізе алатын білікті кадрларды таба алмадық. Яғни бұл өте ауқымды мәселе. Бизнес туралы айта алатын орыстілді адамдар мен әдебиеттер бар, бірақ қазақтілді аудитория үшін бұл жоқтың қасы», – деді «Business FM» радиосының басшысы.