Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 8 қазанда ОСК-ға "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" РҚБ-дан президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы Әбден Қарақат Жақсылыққызының құжаттары ұсынылды. Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар комиссияға ұсынылғаны және талаптарға толық сәйкес келетіні нақтыланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Осылайша, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты тіркеу үшін қажетті барлық рәсімдер сақталды. Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденді Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Қарақат Әбден "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан" президенттікке кандидат болып ұсынылды. 1974 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын "экономист-маркетолог" мамандығы бойынша бітірген. Әбден - төрт баланың анасы, қоғам қайраткері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі. Бұған дейін Қарақат Әбден мемлекеттік тілді білуі деңгейі бойынша емтихан тапсырды.