ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды сайт mangystaumedia.kz.
ҚР ІІМ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бойынша шаралар әзірленді. Олардың қатарында өтініш берушіден осындай құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтаушы сипатына көшу, тараптарды татуластыру рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту бар.
Арнайы дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы айтты.
Баяндамашыларды тыңдап, Премьер-Министр тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу кешенді тәсілді қажет ететінін атап өтті.
Бұл ретте ұсынылған қадамдар мен инновацияларды, әсіресе заңнамалық сипаттағы шараларды жұртшылықпен талқылау маңызды. Бұл мәселеде мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылардың бірыңғай ұстанымы қажет.
"Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғамдық төзбеушілік атмосферасын құру үшін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарды оңалту мәселелеріне назар аударған жөн. Оларға білікті мамандардың медициналық, сонымен қатар психологиялық, құқықтық көмегі қажет", - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр сондай-ақ өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілікті қалыптастыру және отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізу қажеттігін атап өтті.
"Білім министрлігі балаларға отбасына деген құрмет нормаларын және үйдегі тәртіп ережелерін үйрету үшін мектептегі "сағаттарды" қарастыруы керек", — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарының, уақытша бейімдеу орталықтарының және мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелердің желісін кеңейту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Премьер-Министр сондай-ақ мемлекеттің көмегіне мұқтаж тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлеуді тапсырды.
"Әкімдіктермен бірлесіп, тәуекел аймағындағы отбасыларды анықтау және олармен атаулы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет", - деп атап өтті ол.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетуді, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде түзетулер әзірлеу шеңберінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.