Мемлекет басшысы ІІМ-нің кезектен тыс аттестаттау өткізу туралы бастамасын қолдады. 28 ақпанда тиісті Жарлыққа қол қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аттестация 1 сәуірде басталады.
– Бұл аттестаттаудың басты мақсаты – басшы лауазымдарды талантты және кәсіби білікті қызметкерлермен жасақтау үшін кадр резервін қалыптастыру, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Спикердің айтуынша, бұл полиция жұмысының сервистік моделін қалыптастыру саясатының логикалық жалғасы болып табылады.
– Біз кадр саясатының трансформациясына көштік. Бізде орта буында қандай басшылардың жұмыс істейтінін жан-жақты зерделейтін кез келді. Бұл полицияның халыққа сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселесі бойынша қоғам сұранысын қанағаттандыру үшін жасалады, – деді Шыңғыс Алекешев.
Жалпы кезектен тыс аттестаттауға жататын лауазымдар тізбесі жеке құрамның 6%-ын құрайды. Аттестацияны өткізу үшін Ішкі істер министрі мен оның орынбасарларының төрағалығымен орталық және өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамы бекітілді. Орталық комиссияның құрамына Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері кірді.
Айта кету керек, өңірлік комиссиялардың құрамына осы құрылымдардың өкілдері алғаш рет кірді. Аттестаттау ретімен жүргізіледі.
Ол: физикалық және атыс даярлығы;
Қазақстан Республикасының заңнамасын білу және логикалық ойлауды тексеру үшін компьютерлік тестілеу;
орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары өткізетін әңгімелесу кезеңдерінен тұрады.