©
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел басшылығында қандай жұмыстарды қолға алатынын айтып берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Сайлау кампаниясы кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқа айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекет дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керектігін тілге тиек етті. «Олардың барлығы жақында жарияланады. Екіншіден, өткір әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта класты қалыптастыру көзделеді. Төртіншіден, менің мақсатым - қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құығын қорғау. Ең бастысы - әрдайым қайда болмасын Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», - деді Президент. Айта кетсек, елордада жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр. Қ.Тоқаевты ұлықтау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтар қатысуда. Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.