Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кездесулер өткізді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап mangystaumedia.kz сайты хабарлайды.
Елбасы кездесу барысында Владимир Путинге «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін тапсырды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі нәтижелері мен әрі қарайғы даму перспективаларын атап өтті. – Бес жыл бұрын, Сіз және Александр Лукашенко үшеуміз осы одақты құрдық. Біз жүзеге асырған бұл идея менің тарапымнан 25 жыл бұрын ММУ қабырғасында ұсынылған болатын. Қиын уақыттарға қарамастан, арамыздағы өзара сауда өсіп келеді. Бірлескен кәсіпорындардың саны артуда. Еуразиялық экономикалық одақ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйымдармен интеграция жолымен жүруі тиіс деп есептеймін. Бізге осы жөнінде жұмыс істеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Владимир Путин өзіне тапсырылған марапат үшін Елбасына алғыс айтты және жан-жақты диалогтың әрі қарай нығая беретініне сенім білдірді. – Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екі жақты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара стратегиялық іс-қимылын дамытуда атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте Сіздің зор еңбегіңіз бар, – деді Ресей Президенті. Сонымен қатар, Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті. [caption id="attachment_80211" align="aligncenter" width="828"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі халық арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтті. – Біз – бір-бірімізге жақын, бауырлас халықпыз. Мен Сіздің еліңізді жақсы білемін. Қазақстанның алдағы уақытта да Сізді қолдайтынына сенімдімін, – деді Елбасы. Сооронбай Жээнбеков жоғары марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Елбасының Орталық Азия халықтарының достығын нығайту ісіндегі ерекше рөлін атап өтті. – Сіз Түркі әлемінің көшбасшысы саналасыз. Сіз Орталық Азия елдерінің достығын нығайту ісіне зор үлес қостыңыз. Қазақ халқының Тұңғыш Президентінен орден алу мен үшін зор мәртебе. Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қырғыз Республикасының Президенті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында Елбасы құрметті қонаққа «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін табыс етті. Нұрсұлтан Назарбаев Александр Лукашенконың интеграциялық үдерістерді дамыту және Еуразиялық экономикалық одақты құру ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. – Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың осы жерде құрылғанына 5 жыл және өзім ұсынған еуразиялық интеграция идеясының жария етілгеніне 25 жыл толып отыр. Сіз қолдау көрсетпегенде бұл ұйым құрылмас еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. [caption id="attachment_80212" align="aligncenter" width="1024"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь халқына және оның көшбасшысы А. Лукашенкоға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. – Сізге кез келген мәселе бойынша қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын. Сіз Беларусь Республикасын жоғары деңгейде дамытып келесіз. Сізді Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Александр Лукашенко қонақжайлық көрсетіп, марапат тапсырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді. – Беларусь халқына құрмет көрсеткеніңіз үшін рахмет. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл – менің халқыма деген ыстық ықыласыңыз бен құрметіңіз. Қазақстанның Президенті – лайықты азамат. Сіз дана шешім қабылдадыңыз. Қазақстандықтар басқа халықтар сияқты тұрақтылықты бағалайтынына сенімдімін. Ең бастысы – еңбек. Еңбек етсең, нәтиже де болады, – деді Беларусь Республикасының Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Кездесу барысында Елбасы ынтымақтастықтың алғашқы күндерінен бастап Қазақстан мен Тәжікстанның берік достыққа және сенімге негізделген қатынастар орнатқанын атап өтті. [caption id="attachment_80210" align="aligncenter" width="1024"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] – Достығымыз жылдан жылға нығайып келеді. Сіз әлемдегі күрделі жағдайда Тәжікстанды басқарып отырсыз. Елдеріңіз дәйекті дамып, тұрақтылық қамтамасыз етілуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі жақты қатынастар бауырлас халықтардың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая беретінін айтты. Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қарқынды дамығанын атап өтті. – Мен Қазақстанның көз алдымызда қалай өзгергенін көрдім. Елордада өткен алғашқы кездесулер менің есімде және оның қаншалықты өзгергенін көріп отырмын. Оң өзгерістер қалада ғана емес, бүкіл еліңізде жүріп жатыр. Бұл – Сіздің табысты жұмысыңыздың, дана және көреген саясатыңыздың нәтижесі, – деді Тәжікстанның Президенті. Сондай-ақ, Елбасы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. [caption id="attachment_80209" align="aligncenter" width="1024"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] Нұрсұлтан Назарбаев көптеген мемлекеттер мен ұйымдардың Еуразиялық экономикалық одақпен қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін және одақтың экономикалық серіктестерінің аясын кеңейту қажеттігін атап өтті. – Ертең осы жерде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы өтеді. Сіз одақтың атқарушы органына төрағалық етіп, жүктелген міндеттерді табысты атқарып келесіз. Алға жылжи беруіміз керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Тигран Саркисян экономикалық одақты дамыту ісіндегі жетістіктерге тоқталды. – Интеграцияны және Өзіңіз 25 жыл бұрын ұсынған идеяны тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Міне, 5 жыл бойы осы жобаны іске асырып келеміз. Өзіңіз ширек ғасыр бұрын көрегендік танытып, бұл бастама елдеріміз үшін аса қажет болды, – деді Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинянмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі мейманға қошемет білдіріп, екі жақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың және нығайтудың маңыздылығын атап өтті. [caption id="attachment_80208" align="aligncenter" width="1024"] Сурет akorda.kz алынған[/caption] – Қазақстан мен Армения арасында әрдайым жақсы қарым-қатынас болды. Қазақстандағы армян диаспорасы елдеріміздің қарым-қатынасына дәнекер болып отыр, – деді Елбасы. Никол Пашинян Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мемлекетаралық байланыстарды және құрлықтағы интеграциялық үдерістерді дамыту ісіне ерекше үлес қосқанын атап өтті. Арменияның Премьер-Министрі екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. – Экономика саласында жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Ең бастысы, екі ел үкіметтерінде қарым-қатынасымызды дамытуға деген саяси ерік-жігер бар. Біздің халықтарымыз тарихи тұрғыдан өзара байланысқан, – деді Н.Пашинян.